Ғұмаров Дәурен Асанұлы


«Менің арманым…»

Болғанда ақылың дария, кеудең кеме,
Кемесіз дариядан өтем деме.
Кеудеңде санаң болса, талап ізде,
Талапсыз мақсатыңа жетем деме.
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлының мына өлең жолдарында әрбір саналы адамның талапты болуы керектігі, талапсыз ешқандай мақсатың мен арманың орындалмайтындығы туралы анық айтылған.
Ұстазым: «Өзіңнің арманың туралы эссе жазып кел»,- деп тапсырма берген кезде мен көп ойландым. Әрине, ештеңе де оңай емес… «Көз қорқақ, қол батыр» деп іске кірістім.
Адам баласының қайталанбас кезі – бақытты балалық шағы. Біз, сол бақытты күндерді басымыздан кешіп жатырмыз. Аллаға мың рет шүкіршілік айтып, ризашылығымды білдіремін. Себебі, еліміз тыныш, жұртымыз аман, ата – анам мен бауырларым жанымда. Осы бақытты күндерімді босқа өткізбей, сапалы білім мен саналы тәрбие алуға тырысып жатырмын.

Қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай атамыз өзінің он бесінші қарасөзінде: «… Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен – өзің есеп ал!» — деп айтқандай, күніне бір мәрте өз – өзімнен есеп аламын. Әр күнгі атқарған іс – әрекеттерімді ой елегінен өткізіп, ертеңгі күнім, болашағым туралы қиялдаймын.
Менің арманым … Шәкірттердің сүйікті ұстазы болу …
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін – өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптасты-рып, дамыту үшін жауапты»,- деген болатын.
Елбасымыз ұстаздар уақытпен санаспай еңбек етіп, үздіксіз білім алып, педагогикалық шеберліктерін шыңдап қана қоймай, жан – жақты білімді, шығармашыл тұлғаны дамыту үшін жауапты екенін атап көрсеткен.
Өмірдегі көп мамандықтың ішінде жан – жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, шәкіртін сүюді, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Өйткені, ол мамандық ғылым негіздерін үйретіп, шәкірттердің арманы мен қиялын ұштап, олардың тағдырына басшылық етуді мойнына жүктеген мамандық.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, — деп Абай атамыз айтқан өлең жолда-рында терең мағына жатыр.
Ұстаз – өз пәнін, өз кәсібін, өз шәкіртін шексіз сүйетін мейірімді жан. Үнемі тынымсыз еңбек, ізденіс үстінде жүретін, ешқашан шаршауды білмейтін адам екеніне көзіміз жетіп келеді. Әр ұстаздың еңбегі мен төккен тері ешқашан зая кетпейді. Менің ойымша, ұстаз – мәртебесі биік адам.
Осындай ұстаздардың бірі – Отарғалиева Қамарсұлу Серікболатқызы.
Мен ұстазыма еліктеп қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болуды армандаймын. Қиял жетегінде жатып кейде тележүргізуші де болғым келеді. Қамарсұлу Серікболатқызының бізге түсіндірген әрбір сабағы, бізді өмірге қанаттандырып айтқан ақыл – кеңестері, өмір туралы айтқан әңгімелері ойыма орала береді. Қамарсұлу Серікболатқызының: «Қандай мамандық иесі болсаңыздар да өз мамандықтарыңызды шексіз сүю керексіздер, сонда ғана армандарыңыз орындалып, мақсаттарыңызға жетесіздер»,- деген сөздері әрқашан жадымда тұрады.
Мені ұстазым көркемсөз оқуға, пәнді терең меңгеруге баулып келеді. Аудандық көркемсөз оқу байқауларына, пән олимпиадаларына қатынастым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен аудандық пән олимпиадасынан жүлделі
І орын иелендім. Бұл – ұстазымның еңбегінің жемісі. Қамарсұлу Серікболатқызы – болашағыма жол сілтер ақылшым.
«Арманына адаспаған жетеді», — дейді дана халқымыз. Осы армандарым мені адастырмаса екен.
Менің ойымша, барлық адамның да арманы орындалады. Оған білім мен еңбек және төзім керек деп ойлаймын.

Үлгі тұтатын мамандық иелерінің өмірлеріне жүргізген зерттеуім

Мен өзім үлгі тұтатын екі адамның өмірлеріне зерттеу жүргіздім.
1. Тележүргізуші Дана Нұржігіт
2. Ұстазым қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қамарсұлу Отарғалиева Серікболатқызы


Дана Нұржігіттің өмірбаянын ғаламтор желісінен іздедім. Бірақ өмірбаяны туралы толық мәлімет ала алмадым. Дана Нұржігіттің журналистермен жүргізген сұхбаттарын оқып, мәлімет жинадым.
Дана Нұржігіт 1972 жылы 22 наурызда Сыр бойында, яғни, Қызылорда облысында дүниеге келген. 1979 жылы Қызылорда қаласындағы №198 мектепке 1 – класқа қабылданып, одан әрі отбасының Есік қаласына көшіп келуіне байланысты Алматы қаласындағы А. Жұбанов атындағы музыка мектебіне оқуын жалғастырады.
Дана Нұржігіт отбасындағы үш баланың тұңғышы, өзінен кейінгі сіңлісі Элиза, інісі Рүстем (Рүстем Нұржігітті сахнадан көріп жүрмін). Үшеуі де А. Жұбанов атындағы музыка мектебінен білім алған. А. Жұбанов атындағы музыка мектебінен көп нәрсені, өнерді, адам тануды үйренген. Әкесі қайтыс болған, анасы өмірде бар.
Ең алғаш тікелей эфирге 1997 жылдың 18 ақпаны күні шыққан. Тележүргізуші болғанға дейін концертмейстер және ұстаз болған.
Поэзияны, көркем шығарманы сүйіп оқиды. Соңғы оқыған кітабы Қадыр Мырза Әлидің өлеңдері.
Дана Нұржігіт адамдарды адамгершілігіне қарай бағалайды, орынды сынды да қабылдай алады. Шыншыл, адамгершілігі мол адамдарды ұнатады, өзімшіл, екіжүзді, ісі мен сөзіне жауап бере алмайтындарды ұнатпайды. Телевизия үлкен жауапкершілікті талап ететінін түсінеді. Өз елін сүйетін ұлтжанды азаматша, өйткені қанша көп қаржы төлеймін десе де, өзге елге жұмысқа барғысы жоқ. Сыйлас, сырлас адамдары бар.


Қамарсұлу Серікболатқызы бұрынғы Орал облысы, Тайпақ ауданы Калмыков ауылында 1972 жылы 30 қазанда дүниеге келген. 1989 жылы орта мектепті аяқтап, Орал қаласындағы А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. 1993 жылы филология факультетін тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Қырыққұдық орталау мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастайды, 1994 -1995 оқу жылынан бері Ғ. Махамбетов атындағы ОЖББМ өз мамандығы бойынша қызмет атқарып келеді. Отбасындағы төрт баланың тұңғышы, екі інісі (Таран Закаров, Біржан Серікболатов), бір сіңлісі (Қамқа Закарова) бар.
Анасы он жасында қайтыс болып, әжесі мен әкесінің тәрбиесінде болған. Ата – анасы да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған, ұстаздық мамандықты таңдауына әкесі ықпалы еткен.
Қамарсұлу апайымыз ата – анасын жиі есіне алады. Көркем шығармалардағы әке, ана бейнесін оқытқанда көзіне жас алып, ата-ана қадірін ұғындыруға тырысады.
Талапшыл, шыншыл, ізденімпаз, тынымсыз еңбектенеді, өмірден жақсылық күтеді. Тіл жанашыры ретінде оқушыларына ана тілін терең меңгертуге тырысады.
Көркем шығармаларды көп оқиды, соңғы оқып жатырған кітабы Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы.
Жолдасы Отарғалиев Ержан қарапайым жұмысшы, Ұлдары Асылбек Серіков — инженер –техник, Жанқылыш Серіков – студент.
Мен үлгі тұтатын екі кейіпкерім Дана Нұржігіт пен Қамарсұлу Серікболатқызының туған жылдары тышқан жылы болғандықтан шығар, екі кейіпкерімнің бойындағы кейбір қасиеттердің ұқсастығын байқадым.

Өмірбаяндарға зерттеу жүргізген: Ғұмаров Дәурен Асанұлы

Үлгілі тұлғаға хат

Сәлеметсіз бе, аса құрметті Дана Нұржігіт?! Қал – жағдайыңыз, денсаулығыңыз қалай? Жұмыс барысыңыз қалай? Отбасыңыз, бауырларыңыз, ұлыңыз аман ба ?
Менің қал – жағдайым жақсы. Сіз мені танымайсыз. Мен сіздің өнеріңізді, өзіңізді үлгі тұтқан балаларыңыздың бірімін. Шалғайдағы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базаршолан ауылындағы Ғ. Махамбетов атындағы орта жалпы білім беретін мектептің 9 –класс оқушысымын. Аты – жөнім Ғұмаров Дәурен Асанұлы.
Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазым Қамарсұлу Серікболатқызы өзіңнің арманың туралы эссе, өзің үлгі тұтатын адамның өмірбаянын зерттеп, үлгілі тұлғаға хат жаз деп тапсырма бергенде мен көп ойландым.
Балалақ шақта адамның арманы көп болады ғой. Мен де сондай арманшылмын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандаймын, кейде журналист, кейде тележүргізуші болғым келіп, қиял жетегінде жүремін. Армандарымның біреуінің орындалатынына сенемін.
Мен ең бірінші маған өмір сыйлаған, түн ұйқысын төрт бөліп бағып – қаққан ата – анама, екінші білім нәрімен сусындатып, талабымызды құптап, жетістіктерімізге қуанып, өмірге қанаттандырып отыратын ұстаздарыма қарыздар екенімді жақсы түсінемін.
Сіз «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойынын, «Дара жол» атты бағдарламаларды жүргізіп келесіз. Осы бағдарламаларды ауылдағы тұрғындардың бәрі сүйсініп тамашалайды. Біздің отбасы мүшелері де үзбей қарайды.
Наурыз мерекесі қарсаңында Н.Қоянбаевтың «Түнгі студиясына» кездесуге келге-ніңізде сіздің туылған күніңіздің жыл басы деп есептелетін 22 наурыз күні екенін білдім. Сіздің өміріңіз туралы зерттеу жүргізгенде жұлдыз жорамалдарды да оқыдым. Жұлдызшылардың жорамалдары да шындыққа жақын деп есептеймін.
Бұрынғылар әлем ағашын – Бәйтерек, өмір – төр деп атап, 21 ағашқа өздерінше мән бергені жұлдызшамадан белгілі. «Дүние есігін 21 -31 наурызда ашқандар – Емен. Дәрі – дәрмектерді ұнатпайды. Адамгершілігі мол, батыл, төзімді болғандықтан оның бұтақтары әлсіздерге сая. Қиындыққа төзімді, оны жеңе білуге дайын. Махаббатқа сенгіш біртуар жандар»,- деп көрсетілген.
Мен сіз жүргізген теледидар бағдарламаларын тамашалап отырып, сіздің бір сөзді, қайсар, ізденімпаз, батыл, шыншыл адам екеніңізді байқаймын.
«Түнгі студиядағы» кездесуде сіз еңбекақысыз жұмыс істегеніңізді, өзіңіз сүйген мамандыққа қол жеткізу үшін талай белестерді бағындырғаныңызды, ән айта білетініңізді айттыңыз. Бұл да сіздің өз кәсібіңізді шексіз сүйіп, өз мақсатыңызға жетіп, арманыңыз орындалу үшін талмай еңбектенгеніңіздің арқасы деп түсінемін.
Сіз жүргізетін «Дара жолда» қазақтың біртуар перзенттері атақты ғалым, ұлағатты ұстаз, белгілі актер, ақын – жазушылар, теледидар майталмандары, әншілермен жүргізген сұхбаттарыңыз өте әсерлі, мазмұнды болады. Әр кейіпкеріңіздің ашылмаған сырларын ашып, жаңа бір қырынан танытасыз. Әр жексенбіні асыға күтіп, сіздің бағдарламаңызды тамашалаймын. Сіздің кейіпкелеріңізге қойған сұрақтарыңыз, сөйлеу шеберлігіңіз бен әдемілігіңіз, мәдениеттілігіңіз маған ұнайды. Мен сіз сияқты тұлғаларды пір тұтамын.
«Арманына адаспаған жетеді»,- дейді халқымыз. Мені де армандарым адастырмаса екен. Мен де әділ, турашыл, өз ісінің білгірі, мамандығын шексіз сүйетін азамат болғым келеді. Әрине, ол үшін үлкен еңбек керек екенін жақсы білемін.
Дана Нұржігіт! Сіз өте тамаша жансыз! Сіздей тележүргізушілер еліміз үшін аса қажет деп ойлаймын. Сіз әлі талай бағдарламаларды дүниеге әкелетініңізге сенемін. Еңбегіңіз жана берсін. Отбасыңызбен аман болып, ұрпағыңыздың қызығын көріңіз. Хош сау болыңыз!

Ыстық сәлеммен хат жолдаушы: сіздің өнеріңізді үлгі тұтқан балаларыңыздың бірі Дәурен деп білерсіз.

7 сәуір, 2017 жыл.

4 комментария

Filed under "АРМАНЫ АСҚАҚ ОҚУШЫ"

4 responses to “Ғұмаров Дәурен Асанұлы

  1. Asylbek

    Керемет, жақсы жазылған екен. Алға бауырым: шыңдала бер.

    Нравится

  2. Оте керемет! Осындай жас урпак бар биз бакыттымыз. Ең бастысы өз ұстаздарын үлгі тұтқаны маған қатты ұнады. Тек Алға!

    Нравится

  3. Армангул

    Жарайсың Дəурен! Сізді танымасам да, ұстазыңыз Қамарсұлуды танимын. Қырыққұдық ауылында көрші болғанбыз. Ұстазыңыз туралы жазған пікіріңіз ұнады. Армандарыңыз орындалсын!

    Нравится

  4. Гүлназ

    Керемет жұмыс. Білім мен шығармашылық жолында жетер жетістігін көп болсын.! Қамарсұлу апай өте тәжірибелі маман. Үлгілі ұстаз. Сəттілік.

    Нравится

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход /  Изменить )

Google photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google. Выход /  Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход /  Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход /  Изменить )

Connecting to %s

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.