ТУҒАН ТОПЫРАҚ. Ертегі


Жүсіп Әдина Әбдібайқызы 1981 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамыстыбас ауылында туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген. Қазір республикалық «Ертегілер елінде» балалар журналында редактор.

Ертеде бір бағбанның алма бағы болды. Көктемде бағбан алманың әр түрінен қиып алып көшеттер отырғызды. Бүршік жарып көктей бастаған жас шыбықтар бой түзеп, айналасына көз тікті. Алма көшетінің орта тұсында саптын шыға бір шыбық өсіп келеді. Сыртқы пошымы да басқаша. Ұзын бойында тікенек секілді түктері бар. Бойы тез өсіп, ұшар басына томпиып бірдеңе пайда болды.
Бір күні таңертеңгісін Жас шыбық өз көзіне өзі сенбей таң қалды. Оны таңдандырып жүрген томпиған нәрсе әп-әдемі гүлге айналып кетіпті. Түсі қып-қызыл. Ал қызыл гүлге көзі тоймаған Жас шыбық Үлкен талдан:
— Үлкен тал, бізге еш жері ұқсамайтын мынау қандай ағаш. Гүлі қандай керемет, — деп тамсана сұрады.
— Бұл ағаш емес, — деп түсіндірді Тал, — Әлемде теңдесі жоқ таңғажайып гүлдер бар. Мынау соның бірі, аты — Раушан, жұпар шашып, айналасын хош иіске бөлейді, — деді.
— Ол бұл жерге қалай пайда болды?
— Олардың өз мекендері бар. Ал мына Раушанның дәні күзде ұшады. Күзде Жел бір дәнді осында әкеп тастаған. Қыс бойы топырақ астында жатқан дән көктем шыға көктеп, міне, керемет гүлге айналды.
— Иә, Раушан десе, Раушан екен. Шіркін, мен де Раушандай сұлу болсам ғой, — деген Жас шыбық “Желге айтып, Раушанның мекеніне қоныс аударсам қайтеді” деп армандады.
Ол Желдің келуін ұзақ күтті. Қалың ойға шомған Жас шыбық самал Жел бетін сипап өткенде селк ете түсті. Жалма-жан:
— Жел! Жел! — деп, оны дауыстап шақырып алды да асыға аптығып:
— Жел, Жел, әлемде сенің аяғың жетпейтін жер жоқ. Дүниежүзін еркін аралайсың. Раушан гүлінің мекені секілді ағаштардың керемет мекені бар ма? Бар болса маған сонда жетуге көмектесші, — деп жалынды.
— Мен бір ғажайып жер білем, — деген Жел бірден келісе кетті.
Иә, шынында да бір ғажайып жер бар еді. Оның асқар шыңында асыр салып ойнақтау Желдің ең сүйікті ісі болатын. Қысы-жазы биік шынарынан аппақ ұлпа қар кетпейтін жерден жұмақ, одан керемет жер Жел үшін жоқ еді. Көз алдына таудың құзар шыңдары мен көкпен таласқан шыршалары мен аршалары елестеп кеткен Жел:
— Егер ол жерге қоныс аударатын болсаң күзде азып-тозып қурамайсың. Жап-жасыл күйіңмен, аспанмен таласа өмір сүресің, — деп Жас шыбықты одан сайын ынтықтыра түсті.
— Өтінемін сенен, мені тез сол жұмаққа жеткізе гөр, — деп Жас шыбық жабыса түсті.
Желдің сөзіне әбден еліккен Жас шыбықтың әрекетінен шошынған Үлкен тал:
— Балам, туған топырақтан артық жерді еш жерден таба алмайсың. Жастықпен, албырттықпен қателік жасайын деп тұрсың. Еш жерге қоныс аударма, — деп ақылын айта бастап еді, Жас шыбық.
— Ағатай, жолымды бөгей көрме, алдымнан әлдебір керемет арман елестейді. Барайыншы, көргім келеді, — деді.
Сол сәтте алай-дүлей дауыл тұрып, жас шыбықты олай-бұлай жұлқылай бастады. Жерге орнығып қалған Жас шыбықтың нәзік тамырын жұлып алу Желге де, оған шыдау Жас шыбаққа да оңай соқпады. Бір кезде Жас шыбықтың ышқына шыңғырған даусы шықты да, көзінің оты жарқ еткен оны Жел құшағына қысып аспанға ала ұшты. Ата-мекенін тастап әлдеқайда, бейтаныс мекенге аттанған Жас шыбық бұлдырап барып көзден ғайып болды.
Жел оны алып қарағайлардың ортасына апарып тастады. Екі күн сол жерде жатқан Шыбық әбден әлсіреді. Үшінші күн дегенде қыстық отын жинай келген бір адам оны көрді. Жеміс ағашы екенін таныған Адам “Мұнда қайдан келіп жүр” деп күбір етті.
— Бұл жерде сен өсіп өркендей алмайсың, саған туған жердің топырағы мен жақсы күтім керек, — деген Адамның сөзін естіген Шыбықтың көзінен мөлтілдеген жас ағып түсті. Сонда барып ол өзінің қателескенін түсінді.
Адам оны жылы жерге әкеп, суға салып қойды. Күш жинаған соң, жеміс-жидек өсіретін жылыжайына апарып отырғызды. Бірақ бөтен елдің топырағына жерсіне алмаған Жас шыбық әлсірей бастады. Адам жылы жаққа қатынаған адамдарға өтініш айтып алма бақтан бір уыс топырақ алғызды. Әлсіреп қалған Шыбықтың түбін қазып жіберіп туған топырақтан нығыздап салды. Бойына әлдебір жылу тараған Шыбық Адамға алғыс айтты.
— Ей, мейірбан жан, үлкендердің тілін алмай Желдің сөзіне еріп қателесіппін. Жердің жұмағын іздеп едім, ол жұмақты тастап кеткенімді енді түсіндім. Жер жәннаты туған жер, туған топырақ екенін енді ұқтым. Мені өз туған мекеніме жеткізе гөр, — деп жалынды.
— Биыл қолым тимейді, келесі жылға дейін шыда. Келесі жылы міндетті түрде жеткізем, — деп Адам уәде берді.
Келесі жылы көктем шығысымен Адам Жас шыбықты алма бағының бағбанына әкеп тапсырды.
Күн көрмеген әлжуаз, беті боп-боз, бойы да өспей қалған Жас шыбықты көрген достары оны қамқорлықтарына алды. Сонда ақ сақалды Үлкен тал:
— Сенің бағың бар екен, жақсы адамның қолына тап болыпсың. Әйтпесе бізді енді қайтіп көре алмайтын едің. Енді өз туған топырағыңның қадірін білген шығарсың. Кел, қатарымызға қосыл, адам бол, — деп оны бауырына тартты.
Көзімен Раушан гүлін іздеген Жас шыбық оны өз орнынан таба алмай:
— Раушан гүлі қайда? — деп Үлкен талға сыбырлады.
— Бағбанға өтініш айтып оны басқа жерге көшіргенбіз. Сен секілді басқалар да адаспасыз деп алдын алғандағы түрім ғой. Ол бейшараның туған топырағы осы жер еді. Күні не болды екен? — деп Үлкен тал Раушан гүлін күрсініп еске алды.

Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ

 

Оставьте комментарий

Filed under ЖАҢА МАТЕРИАЛДАР

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s