Тіл тағдыры – Елбасы тағылымы


Қарағанды облысы, Абай ауданы, Курмин ауылы,
Курмин тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі,
магистрант Бөкен Қазбек Маратұлы

Серпігенде бодандықтың тұманын,
Жетті әлемге ұраным мен жыр-әнім.
Өзің болдың көшбасшысы елімнің,
Өзің болдың биік ұшқан қыраным.

Біз осы күнге сендей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, жадымыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік. Құдайға шүкір, Алла көзіміздің жасын көріп, тілегімізді беріп, басымыздан бақ тайған, зар заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің есігін аштық. Сөйтіп, көз алдымызда жер де, ел де, заман да өзгерді. Елбасының саясаты алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігін сақтау.

Бүгінде дүние жүзін мойындатқан егеменді еліміз бар. Оның халқымен қаны да, жаны да бір, тілегі де бір, әр күні, әр сағаты туған елінің тағдыры үшін күреспен өтіп келеді. Халқын сан ғасырлар армандаған мұратына жеткізді. Осының бәрі ынтымақтың арқасы, Елбасының сарабдал саясатының арқасы, сүттей ұйыған ел бірлігінің арқасы. Еліміздің талантты да алғыр жастарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқытып алуға жол ашты. Нәтижесінде қазір технологияның құлағында ойнайтын ойы оралымды, ақылы зерек жастар елдің басқару жүйесінде, ғылыми зерттеу институттарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс жасауда. Әлемдік дағдарыстан Елбасының арқасында аман өттік. Қазақстан дамуының 2050 старатегиясы – елдің кемелденуіне арналған сараптама екенін түсіндік. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!

Тәуелсіз ел болғанымызға жиырма бес жыл болса да тіліміздің мәртебесі көтерілмей-ақ қойды. Қашанғы өгіз аянмен жүре бермекпіз? Қазір заман ай сайын, күн сайын даму үстінде. Ал, тілімізді неге осылай дамытпасқа? Көңілді сансыз сұрақтар мазалайды. Біздің тілімізді біреу келіп түзеп бере ме? Ана тілімізде сөйлеуге мұршамыз келмей ме? Орыс тілінде бұлбұлдай сайраған мақтаныш па? Санамыз саяз, көкірегіміз соқыр болғаны ма? Намысымыз жоғалып, жігеріміз жасыған ба? Әлде, «Асықпаған арбамен қоянға жетеді», — деп аспай-саспай жүре береміз бе? Елдігімізді, қазақ екендігімізді танытады деп, қазақ тілі қоғамын құрдық. Бұл қоғам бастапқыда тәп-тәуір жұмыс жасаған еді. Кейінгі кезде аты да естілмейді. Көзі өткірлердің көзі, сөзі мірдің оғындайлардың сөзі тиді ме? Мысалға, өзіміздің Қарағанды қаласын алайық. Қаншама көше атаулары баяғы таз қалпында тұр. Сол көшелерде тұрып жатқан тұрғындарға «Бұл көше неге бұлай аталған? Ол кім?» деген сұрақтар қойсаңыз ешкім жауап бере алмайды. Супермаркет, гипермаркет, минимаркет атауларын ағылшынша атауды әдетке айналдырып барамыз. Өз ана тілімізде небір сұлу сөздер, жүрекке жағымды естілетін тамаша атаулар толып жатыр. Ол атауларды қойсақ біреуден кем болып қаламыз ба? Бірақ, намысы жоқ пенделерге бәрі бір болып көрінетін шығар. Кез келген мекемелердің, кәсіпорындар-дың, оқу орындарының, қонақ үйлердің, дүкендердің атауларын қазақшалап жатсақ, міндетті түрде қасына орысшасын қыстырып қоямыз. Тек қана мемлекеттік тілде жазып қойсақ сәні келмей қала ма? Бұл бізде кеңестік дәуірден санамызға мықтап кірген соқырлықтың салқыны. Орысшасын қоспасақ тұзсыз тамақ ішкендей күй кешетін секілдіміз. Айналайындар-ау, қай елде екі тілде жазып қойғанын көрдіңіздер? Қашанғы жалпақ шешей бола береміз? Біз тасбақа секілді жер бауырлап жүргеннен ештене жасай алмаймыз. Айта-айта жағымыз талып, жауыр болған тіл мәселесі қашан бітеді?

Шындап іске кіріссек, бұл мәселені де күн тәртібінен алып тастауға болады. Ол үшін мемлекеттік дәрежеде нақты қадамдар жасау қажет. Қазақ тілі қоғамының мәртебесін арттыру керек. Тіл туралы заңға өзгертулер еңгізу керек. Кез келген мекеме қазақ тілі қоғамының рұқсатынсыз атауларды қоя алмайтындай қылған жөн. Іс қағаздарын бүкіл жерде тек қана мемлекеттік тілде жүргізуге мұқтаждаған дұрыс. Адам баласы мұқтаж нәрсені жылдам игеріп алуға, тауып алуға талпынатыны белгілі. Осыларды ескерсек қана тіл мәселесі шешіліп, мәртебесі биіктей түсетіні анық. «Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеушілік – шынайы патриоттарды тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян»,-деп айтып кеткен Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі бәрімізге ой салары анық. Бар қасиетті, қадірлі нәрді, ажар кестені толық өз халқымыздың тілінен табатынымыз белгілі. Ана тілін құрметтемеу – ештемені сыйламау деген сөз. Мұны қатты ескеру керек. Қазақ тілі – керемет философиялық толғаныстарды да, күрделі терең ойларды да, қылдан нәзік, жібектен биязы, аяулы сезім тебіреністерін де емін-еркін әсерлі жеткізетін көсілмелі, кең құлашты көркем тіл. Бұған қазақ баласы мақтана алады. Марқұм ақын Шынболат Ділдебаев ағамыз «Шұбар ала болып кеткен тілдерің, Айтатұғын келді бүгін күндерің. Тілің кетсе, күнің қоса кетерін, Қайран елім, қалай ғана білмедің? – деп шырылдап өтті бұл жалғаннан.
Тілімізді білмейтіндердің санының көптігі тәрбие жұмысындағы осалдығымызбен бірге іс қағаздарының, қызмет бабындағы, қоғамдық орындардағы түрлі жиындар мен салтанаттардың бір тілде жүргізілуі де кінәлі. Мұны көп болып ойласып, дұрыс шешкен жөн. Өз тілін сыйламаған адамды қазақ деп айту ұят. Себебі анасын сыйламағандардан қандай мейірім күтуге болады? Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. «Тіл тағдыры – ел тағдыры” деп те айтып жүрміз. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс. Туған тілдің абыройын асқақтату — әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт -санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жия бастаған бұл күндері осындай ойға қонбайтын, солақай сорақыларды көбен көріп, қолмен ұстай отырып қазақ тілі мәселесі жөнінде толғанбай тұра алмаймыз. Қазақ тілі — өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Амал не, осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндер де көп болды. Тіпті туған тілден безетін сорақыларды да көргеніміз бар. Төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бердей. Осы кезде Паустовскийдің: «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік,” – деп, ашына айтқаны ойға келеді. Ана тілін ұмытқан адам өз халықының өткенінен де болашағынан да қол үзеді. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Қазақ халқы ешқандай елден кем түспейді. Даналық өсиетімен халықтың мейіріміне бөленген даналарымыз да, әділдігімен әйгілі болған бабаларымыз да, жүрегі түкті қайсар батырларымыз да, ел бірлігін сақтаған хандарымыз да, халықтың тұрмыс-тіршілігін жырына қосқан ақын-жырауларымыз да ешбір елдің оқымыстыларынан артық болмаса, кем емес.
«Қазақстанның болашағы қазақ тiлiнде, тiлсiз ұлт болмайды. Өз тiлiмiздi сақтау, өз тiлiмiздi құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етедi әрi ата-баба алдындағы ұлы парызымыз !» Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқысы болған – оның ғажайып тілі. Он бес жылда аюға да тіл үйретуге болады. Мемлекеттік тіл енді ұлттық саясаттың діңгегі болуы тиіс, — деп айтқан
Елбасымыздың сөзі әр қазаққа ой салары сөзсіз. Жүрегімді жарып шыққан мына жыр жолдарымен ойымды түйіндеймін.
Жиырма бес жыл, Тәуелсіз ел болғаныма, Елбасы игі істерді қолға алуда. Сыйластығы бар ұлттың елімізде, Ынтымақ, бірлікпенен жалғануда.
Жүректің кір шалмасын тазалығын, Жер жаһан естіп жатыр қазақ үнін. Жиырма бес мүшел жасы құтты болып, Мерейі асқақтасын қазағымның!
Осы ұлы бабаларымыздың атына кір келтірмей, еңсемізді көтеріп, ешкімнен жасқанбай, дұшпаннан тайсалмай, қаскөйлерден қаймықпай тек қана алға адымдай берейік! «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп тегін айтылмаған. Өзімнің қасиетті тілімді қастерлеп, қадірлеп өтемін. Халқым деп қамыққан, елім деп еңіреген намысқой азаматтарды тіліміздің әлемдік тілдермен тең дәрежеде биік мінберлерден естілуіне өзіндік үлестерін қосуға шақырамын.

Оставьте комментарий

Filed under ЖАҢА МАТЕРИАЛДАР

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход /  Изменить )

Google photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google. Выход /  Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход /  Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход /  Изменить )

Connecting to %s

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.