Оқушылар шығармашылығы


Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, Қ.И.Сәтбаев атындағы № 7 мектеп-лицейі
Жетекшісі: Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Балгимбекова Акнур Габдуллаевна

  • 5 сынып оқушысы Серікбай Бексұлтан
  • 5 сынып оқушысы Серік Әділбек
  • 5 сынып оқушысы Сарсенова Еркеназ
  • 5 сынып оқушысы Нұрғали Ақерке
  • 5 сынып оқушысы Марат Әділет
  • 5 сынып оқушысы Бектұр Сабина
  • 5 сынып оқушысы Айса Алдияр
  • 5 сынып оқушысы Әлберген Шұғыла
  • 5 сынып оқушысы Қазыбек Жалғас
  • 5 сынып оқушысы Құрманғазы Нұрдәулет

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «Д» сынып оқушысы

Серікбай Бексұлтан

Тәуелсіз елімнің патриотымын!

Тәуелсіз елдің ұланы,

Туған ел болған тұрағы.

Байрағы көкте желбіреп,

Шарықтай ұшқан қыраны.

Тауларың шыңға жетеді,

Өріске толған етегі.

Тәуелсіз елім – Қазақстан,

Бірліктің болған мекені!

Нәубетің жоқ-ау көрмеген…

Үмітің ешбір сөнбеген.

Баурына басқан көп ұлтты,

Ешкімді «жат» деп бөлмеген.

Татулық болған ұраны,

Шалқыған бейбіт жыр-әні.

Балаңның бұлақ күлкісі,

Сыңғырлап бүгін шығады.

Бабамның арман-тілегі,

Балаңның соққан жүрегі.

Қазақстан мәңгі жасасын,

Тәелсіздігімнің тірегі!

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «А» сынып оқушысы

Серік Әділбек

Мен елімнің патриотымын!

Әрбір қазақпын деген азамат ол өз елінің патриоты болуы тиіс деп ойлаймын. Жүрегі елім, жерім, тілім, дінім деп соққан әрбір жанды патриот дейміз. Мен үшін Қазақстанның қыры да, ойпаты да, суық аяздары да, терең сулары да қымбат. Осы топырақта менің ата-әжелерім туып-өскен. Олардың тарихы – менің тарихым, олардың тілі – менің тілім.

Мен елімді, жерімді, ұлтымды сүйемін! Мен Отанымды, отбасымды сүйемін! Мен тілімді, дінімді, ділімді сүйемін! Мен Қазақстан Республикасының Туын, Әнұранын, Елтаңбасын құрметтеймін. Менің ойымша, патриот ұлтын сүйетін, өз тарихын, туған тілін құрметтейтін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрін дәріптейтін, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыруға үлес қосатын саналы тұлға. Туған елі үшін үнемі тер төге қызмет етіп, халқымыздың мол рухани құндылықтарын бағалай білетін асыл тұлға. Патриоттық тәрбие ең алдымен, әрбір жеке тұлғаның ата-анасын, туған-туыстарын жақсы көруден басталады. Мен өзімді шын патриот санаймын. Кез-келген адамды отансүйгіштікке тәрбиелейтін ең бірінші – ата-ана тәрбиесі, екінші — ұстаздарының тәлімі. Ал, өзіңді өзің отансүйгіштікке тәрбиелегендегі тірегің ол – кітап. Осы құдіреті күшті кітап арқылы біз өзімізді патриот болуға тірбиелеу аламыз.

«Әрбір азамат өз ұлтын сүюі тиіс» деген еді ұлтымыздың мақтанышы, ұлы патриот атамыз Бауыржан Момышұлы. Бұл сөздің астарында өз ұлтыңды ерекше сүй, сол арқылы өзге ұлтты сүюге үйрен деген ой жатыр.

Мен – елімнің патриотымын!

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «А» сынып оқушысы

Сарсенова Еркеназ

Елін сүйген елбасы

Тәуелсіздігіміз енді ғана қолымызға тиіс, әрі қарай жүрер жолымызды, барар бағытымызды айқындап ала бастаған шағымызда-ақ Президент елдің берекесі мен қуатының бастауы — ел ішіндегі тыныштық, біртұтастық деген еді. Біз соңғы жылдары беттерін аршып, ашып, ақтара бастаған тарихымызды қауіпті де қатерлі сәттер, кезеңдер аз болмаған. Екі жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысы секілді ұзақ қырғын әр халықтың тарихында бола бермеген. Сол соғысты ақыры жеңіспен аяқтап, өз елін түбегейлі азат етіп құтқарып қалған күш — қазақтардың өз ауызбірлігі, өз ішіндегі ынтымақтастығы мен тұтастығы еді. Бейбіт заман болса да қиыншылықтары аз болмай тұрған мына уақытта осы қазақтардың тұтастығын, өз ішіндегі туыстығын сақтау — қастерлі бір дәстүр. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күнделікті қиындық-қарбаластар арасынан ел тағдыры, мемлекет болашағы үшін аса маңызды, ерекше орны бар мәселе — проблемаларды үнемі есінде ұстап, көзден таса қалдырмай отырғаны ұнайды. Ғылымды бағалаған ғалымды қадірлейді. Президенттік сыйлықтардың қалам қайраткерлеріне берілетіндігі де оның терең ойлы, салиқалы шығарма-туындыларды бағалайтынын білдіреді. Бүгінде Қазақстан дамыған экономикалы, аяғына нық тұрып, жарқын болашақты, Астанадай бас қаласы гүлденген мемлекет. Бас қалада биік, аспанмен тілдескен ғимараттар, түрлі ойын-сауық кешендері бар, инфрақұрылымы дамыған тамаша қала. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келіп, әсем қаланы тамашалауда. Сонымен қатар елбасымыз Қазақстанның өзге де өңірлерінің дамуына жағдай жасауда. Осындай бейбіт те тыныш елде өмір сүру — үлкен бақыт, қуаныш. Елбасымыз әманда ел қамын ойлап, халқы үшін аянбай тер төгуде. Қазақ елінің жағдайын жақсартып, ел ішіндегі бейбітшілік пен татулықты сақтап, аспанымыздың ашық болуы үшін тырысып бағуда. Ел үшін жасап жатқан еңбегінен жүрегінде жатқан халқына деген зор махаббатты аңғаруға болады. Елін сүйген елбасымыз аман болсын!

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «А» сынып оқушысы

Нұрғали Ақерке

Тұғыры биік Елбасы

Қазақстан – өз халқы, ұлты, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Біздің еліміздің жылдар бойын шаңырағын шайқалтпай, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, қызғыштай қорып келе жатқан – біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Осы кісінің басшылығымен елімізді әлем таныды. Қазақстан жылдан-жылға көркейіп, жан-жақты дамып келеді. Тәуелсіз мемлекет болып, ару қала Астанамыз бой көтерді. Ағылшын жазушысы мен публицисі, саяси биограф Дж.Айткен мырзаның «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» атты кітабын жазып, Лондонда оның тұсаукесерін өткізгені Елбасымыздың, шын мәнінде, біртуар азамат, елін ұлы көшке сүйреген көшбасшы екендігінің айқын дәлелі.

Біздің Елбасы еліміздің бірлігін, халықтың тыныштығын, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қадір-қасиетінің артуы үшін қажымас еңбек етуде.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – көшбасшы. Қазақстан жер жүзіндегі көптеген ел таныған Егемен ел болды. Жылдан-жылға гүлденіп, көркейіп келеді. Мен елімді және Елбасын жақсы көремін. Біз Елбасына ұқсағымыз келеді.

Жасай бер, Қазақстан! Жасай бер, Елбасы!

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «А» сынып оқушысы

Марат Әділет

Тәуелсіздік – тұғырым

(Эссе)

Келер ұрпақ игі істерді жалғасын,

Суық ызғар жүректерде қалмасын.

Мәңгілікке қазағымның көгінде

Тәуелсіздік қыран құсы самғасын!

Қазақ елі – бүгінгі таңда тәуелсіз, еркін, бейбіт мемлекет. Әрбір таңды соғыссыз атырып, соғыссыз батырамыз. Мұның барлығы да ата-бабаларымыздың арқасы. Осы тәуелсіздікті бізге алып берген адамдардың есімдері мәңгі жүрегіміздің түбінде сақтауымыз керек.

Тәуелсіздік…

Бұл қандай қасиетті ұғым, қасиетті сөз. «Ана» деген сөз балаға қандай ыстық болса, тәуелсіздік, жалпы ана үшін де, бала үшін де, халық үшін де қасиетті сөз.

Қазақ елі – небір зұлмат, нәубет жылдарды басынан өткерген ел. Осынау Сарыарқа төсінде еркелеп жатқан кең байтақ та киелі жеріміздің шұрайлы, жазиралы жасыл кілеміне оранған жеріне, алуан түрлі балыққа толған мөлдір сулы, саумалды көліне, ұшы мен қиырына көз жетпейтін сайын даласына, аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарына кімнің көзі түспеді дейсің?!

Осының бір дәлелі – патшаның отарлау саясаты. Бұл кезде қазақ халқы ауыр да, азапты өмір кешті. Ресей үкіметінің қара қазақ баласына жасаған қияметтері, қорлықтары халқымның есінде мәңгі қалып, денесіне түскен таңбадай болды. Ресей патшалығының отаршылдық саясаты мылтықтың оғы, қылыштың жүзімен қазақ елін ойрандап, кең даланы иеленуді көздеді. Осы кезде әрқашан жерін, елін қорғап, азаттығы үшін ішкі, сыртқы жаулармен де сұрапыл айқасқа түсіп жүрген елім ар-намысының тапталып, аяқ асты болғанына, жерінен айрылғанына көндігіп отыра алмады. Халқымның батыр, әрі батыл ерлері елі, жері үшін қолдарына алмас қылыш алып, жауға қарсы шықты. Ту түбінен ту алған Махамбет, Исатай, Кенесары, Қабанбай, Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай батырларымыз бен Абылай сияқты хандарымыз ерен ерліктерімен халқына танылды. «Отан үшін отқа түс» деген ұранмен қасық қаны тамған жері үшін қанын төгіп, өмірлерін құрбан етті. Өзге елдің боданы болғаннан гөрі өз елінде қаза тапқанды жөн көрді. Бұл адамдардың есімдері қазақ тарихында алтын таңбамен жазылып, мәңгі өшпейді.

Қазақтың қазақ болып қалыптасуына еңбек сіңіргендердің бірі – ақын-жазушылар. Сол жазушы ақындарымыз болмаса қазақ халқы қараңғы түнекте қалып қояр еді. Көкте самғаған қыранның сезінген азаттығын халыққа сыйлағысы келген батырларға, жүні жығылған халқына өжет рух сыйлаған ақындарымыздың өлеңдері болатын. Талай талантты ақын-жазушыларымыз шындықты бетке басқандары үшін өлім жазасына кесілді. Олардың туындылары жігерлік пен сенімділікке, елдік пен ерлікке шақыратын үндеуге толы болатын. Шәкәрім, Мағжан, Абай, Ыбырай өлеңдері есті қазақтарды оятып, олардың ар-намыстарын қозғады. Абай Құнанбаев:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

– дейді. Шынымен де бар өмірін қазақ халқымен алысумен өткізді. Қазақтың сүйікті ұлдары мен қыздарының өшпес рухтары, ерліктері ұмытылмауы тиіс.

Бостандық үшін күресте шындықты айтып шырылдаған Шәкәрім, Жүсіпбек, заман зәбірін көрген Ахмет, Мағжан, Сәкен сияқты тәуелсіздікке жетуге жол көрсеткен ақиық ақындарымыз армандарына жетпей, мерт болды. Көзі ашық, көкірегі ояу жастарынан, азаматтарынан айрылған қазақ: «Енді орыстың бодандығынан құтылмаспыз» — деп жүргенде, қазақ жастары желтоқсанда тәуелсіздік үшін бас көтерді. Сол «желтоқсан» көтерілісінен кейін қазақ болып көтеріле бастады. Желтоқсанның ызғарлы күнінде, іштен шыққан бу мұз болып қататын кезде қазақ азаматтары мен азаматшалары ереуілге шықты. Мәселен, дәл қазіргі уақытта солай аязды күнде алаңға шықса, «ненің азабы?» деп бәрі болмаса да біразының айтары анық. Бірақ, сол кездегі азаматтардың жалынды жастардың алаңға шығуының бір-ақ себебі бар. Ол – тәуелсіздік үшін күрес. Сол тәуелсіздік үшін күресте алға суырылып шыққан қазақ жастарының ішінде ерекше көзге түскендері – Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сабира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова сынды аға-әпкелеріміз болған.

Қазір қазақ елі Еуразия кіндігінде орналасқан дәулетті елдердің бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетімізге жарқын болашақ сыйлап, елі үшін, кіндік қаны тамған жері үшін еңбек етіп жатыр. Халқымыз тек алға ғана жылжып келеді. Бейбіт өмірді аңсап, соның жолында аянбай күрескен азаматтарымыздың арқасында тыныш өмірді кешіп жатырмыз. Біз әлі де биік шыңның басына ұмтылудамыз. Алайда сол жолда көптеген қиыншылықтар кездесуі мүмкін. Мен әрқашан Абай атамыздың:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішінде қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме,

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме

– деген өлең жолдарын есіме аламын. Қазақстан талай қиыншылықтан сүрінбей өтті.

Сол бірнеше ғасырға созылған тауқыметке қарсы еңбектің тәтті жемісін енді ғана татып жатырмыз. Осындай жеңістен кейінгі уақыт ішінде қазағым тез есін жинап, мемлекетті құрып, шекарасын бекітті. «Таспен атқанды, аспен ат» демекші, Ресеймен достық қарым-қатынас орнатты. Ендігі уақытты қазақ жұрты үшін ай әрқашан оңынан туып, алда тек қана бақыт, береке, жақсылық күтіп тұрса екен. Тұншықтырған тереңдіктен елімізді алып шыққан, Отаны үшін өлуге барған, елі үшін қанын төккен, халқы үшін күрескен, жері үшін шайқасқан, тәуелсіздік үшін соғысқан қиындықтан шешім тапқан, жауларымен мұздай болған, шайқастарда жеңіске жеткен арыстандай айбарлы азаматтарымыздың тәуелсіздік үшін жандарын пида еткендері бәрімізге аян. Ұлдарымыз – құл, қыздарымыз – күң болмас үшін алдағы уақытта біз де аянбай еңбек етуіміз керек! Тәуелсіздік – талай адамның қаны төгілу арқылы келген жеңіс! Осы жеңісті қолда мықтап ұстап қалу керек! Тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасай берсін!

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «А» сынып оқушысы

Бектұр Сабина

Мен елімнің патриотымын

Әр адам өзінің туып өскен елінің, жерінің патриоты болады. Ол қасиет ең алдымен отбасынан басталып, мектеп ккезінде ұлғаяды. Тұлға болып қалыптасқан кезде адамның бойынан патриоттық сезім байқалады. Патриот болу үшін, ең алдымен, өз еліңнің тілін, дінін, әдет-ғұрпын білу қажет деп ойлаймын. Өскенде осыларға сүйеніп, өз еліне қызмет ету, өз елін дамыту, өз елін қорғау сияқты қасиеттерді байқауға болады. Мен өзімді, өз елімді құрметтеймін және елімнің патриотымын деп айта аламын.

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «А» сынып оқушысы

Айса Алдияр

Мен елімнің патриотымын!

Отаным, елім, жерім – менің жүрегіме жылы тиетін қасиетті сөз. Мен тілімді, дінімді, жерімді сүйемін.

Біз елімізде еркін, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Оның бәрі ұлан байтақ еліміз жерімізді аман сақтап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған ата-бабаларымыздың арқасы. Мен елімнің патриотымын. Өзімнің ана тілімде еркін сөйлеймін. Кішкентай кезімнен бастап, ата-анам Отанға, елге, жерге, отбасына деген сүйіспеншілік сезімімді оятып, санама сіңірген.

Сабағымды жақсы оқып, тәртіпті оқушы болып еліме кішкентай да болса пайдамды тигізіп, есейген кезде бір үлкен салаға өз үлесімді қоссам деймін.

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «А» сынып оқушысы

Әлберген Шұғыла

Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де,

болашақтың дидарын көзге елестету

үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз

керек» Н. Ә. Назарбаев

Бабаларымыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген егемендік қол жеткіздік. Тәуелсіздік – асыл бабаларымыздың сан ғасырғы арман-мұраты. Осы жолда олар жанын құрбан етті. Бұл – әлмисақтан мұсылман қазақ халқы үшін аса қадірлі күн. Өйткені, тәуелсіздікпен бірге біз ана тілімізбен, ата дінімізбен қауыштық. Салт-дәстүріміз жаңғырды. Кешегі құбылмалы заман көшінде дін ілімін тарату емес, үйренудің өзі қылмыспен тең болды. Осындай қан мен тердің, ерік пен жігердің арқасында жеткен тәуелсіздігімізді сіз бенен біз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бүгінде Қазақ елі сан ұлттардың басын бір шаңырақ астында біріктірді. Ұлтаралық достық мен қоғамдық келісімді нығайтты. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар орын алып, терроризм мен экстремизмнің салдарынан көптеген елдің ішкі тұтастығына сына қағылып, бірлігінен ажырап жатқанын көріп отырмыз. Осындай ақ пен қара алмасқан уақытта тәуелсіз Қазақстанның ынтымақ-ырысы, бақ-берекесі артып, тұрақтылық пен тыныштықтың үстінде күн кешудеміз. Мұның барлығы Елбасымыз бастаған ұлтын сүйген, мемлекетшіл жандардың жан аянбай еткен еңбегінің жемісі. Иә, бабалардың аңсаған арманы да осы – ел егемендігі, ұрпақ келешегі. Бұл жолда, тарих бетін парақтасақ, талай азамат арманда, қаншама өрен қыршын кетті. Кешегі Алаш қайраткерлерінің көкейін кернегені де халықтың азаттығы, бас бостандығы. Атадан аманат болған бұл тәуелсіздіктің жүгі де, жауапкершілігі де салмақты. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі болды. Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына міне ширек ғасырдан асты. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры, қоғамның рухы, жігері. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «А» сынып оқушысы

Қазыбек Жалғас

Тәуелсіздік қыран құсы самғасын!

Тәуелсізсің сен бүгін, байтақ далам!

Сан ғасырлар бұл күнді армандаған.

Талай жанның тұлғасы тұмшаланып,

Сырлар кетті көкейде айта алмаған.

Көкейде ағытылып жыр тұнады,

Көңіл толқып биікке ұмтылады.

Әр желтоқсан келгенде ызғарымен

Жас жүрегім селт етіп бұлқынады.

Ұмытылсын әрбір шеккен азабың,

Қарттарымыз ұмытпасын «азанын».

Елбасының екпінімен ентелеп,

Жаса, жаса мәңгілікке, қазағым!

Келер ұрпақ игі істерді жалғасын,

Суық ызғар жүректерде қалмасын.

Мәңгілікке қазағымның көгінде

Тәуелсіздік қыран құсы самғасын!

Жезқазған қаласы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

7 мектеп-лицейінің

5 «А» сынып оқушысы

Құрманғазы Нұрдәулет

Мен елімнің патриотымын!

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

М.Мақатаев

Мен, мыс бұлағын ағызған мысты қала – Жезқазғандағы ұлт мақтанышы болған, академик Қаныш атаның атына берілген №7 мектеп-лицейінің оқушысымын. Күнде мектепке алып-ұшып келе жатып, бойымды ерекше сезім билейді. Білім алуға деген құштарлығымның жоғары боларын білмеппін! Үлкен қала, зәулім мектеп, жақсы достар менің ертеңіме жол бастар даңғыл жол сияқты.

Ел болып қуанып отырған Тәуелсіздігімізге мен нені тарту ете аламын? Әрине, «жетістіктер» менде баршылық. Мені толғандыратын – тек жақсы оқу ғана емес сияқты. Әсіресе, маған ой салған – әдебиет сабағы. Ұлы ақын Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген сөздері маған ой салды. Сонда менде болашақта ұстаз болсам, ел ертеңін ұстар шәкірттер тәрбиелесем деген арман туды. Ол арманымның бірі — тілімнің тазалығын сақтау. Осы жерде менің есіме бір оқиға түсіп отыр. Қаймағы бұзылмаған қазақ отбасында тәрбиеленген менің тіліме деген құрметім ерекше. Бір күні бір мерекені көршілеріммен қарсы алдық. Менің көңіл-күйім түсіп кетті, өйткені менен басқа балалардың бәрі орысша тілек айтты. Балалар соны бір түрлі мақтан көретін сияқты. Олар орыстың жазушы, ғалымы Паустовскийдің: «Өз тілін білмеген адам–жәндік» деген сөзін елемейтін болса керек. Қазіргі біз өмір сүріп отырған уақыт –XXI ғасыр – жаһандану ғасыры, ақпарат ғасыры деп аталады. Үш тілді бірдей меңгеріп жатқанымыз содан.

Жеті жұрттың тілін біліп, жер жаһанның жетістігін игереміз.Сол кезеңде ата-бабамыздың көзінің қарашығындай сақтап келген қасиетті тіліміз көк аспан мен қара жердің арасында саңқылдап тұруы керек! Сөз соңында айтарым: Мен елімнің патриотымын! Мәңгілік Еліме қызмет етіп,тек биіктерден көрінемін!

Оставьте комментарий

Filed under ЖАҢА МАТЕРИАЛДАР

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход /  Изменить )

Google photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google. Выход /  Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход /  Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход /  Изменить )

Connecting to %s

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.