Тақырыбы: «Өлкенің жер – су атауларының тарихы»


Батыс Қазақстан облысы Казталов аудандық білім бөлімі

Г.Бегалиев ОЖББ мектебі

Авторы: Чапай Батыржан, 7 сынып оқушысы

Жетекшісі: Сариева Римма Сабитовна — тарих пәні мұғалімі

Кіріспе

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру.» мақаласында «Туған жерден» ауқымдырақ «Туған елге» көшетін ұлттық сана – сезімді жаңарту бағдарламасын ұсынды. Елбасы «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы — шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі.Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір – бақи тұратын өлкесі» дей келіп әрбір қазақстандық өзінің туған өлкесінің тарихына мән беруді тапсырған болатын. Осы бағдарламаның бірінші тармағында «туған өлкенің тарихын зерттеуге, тарихи – мәдени ескерткіштер мен жергілікті ауқымдағы мәдени обьектілерді қалпына келтіруге;»төртінші тармағында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы арқылы халықтың рухани негізін дамытуды ұсынған болатын.

Ұлтарақтай болса да,

Ата қоныс жер қымбат

Ат төбеліндей болса да,

Туып өскен ел қымбат, деп бабаларымыз жырлағандай Қазақ халқының ұғымында туған жерден қасиетті еш нәрсе жоқ. Сондықтан да жауға қарсы сапарға аттанарға немесе ел басына күн туып, уақытша қоныс аударған кезде кіндік қаны тамған туған жердің бір уыс топырағын ата – бабамыз әрқашан өзімен бірге алып жүрген.Туған жердің әр қатпар – қыртысының сыры біздер үшін материалдық та, рухани да қазына. Осы бағдарлама аясында ата – бабамыз ғасырлыр бойы қоңыр салқынды төске алып, жортқан сыр мен қасиетке толы құба дала, бақалы – балдырлы көл – сайлары бар бабалардың қаны мен тері сіңген қасиетті туған жер тарихына үңілдім.

Ғасырлар бойы Қараөзен мен Сарыөзеннің бойын жайлаған Казталов ауданы, Қошанкөл аулының кешегі тарихы біздің баға жетпес құндылықтарымыз, сөнбейтін шамшырағымыз, қанбайтын бұлағымыз.

Бүгілген тізесін жазып, иілген еңсесін көтерген ел, ең елдымен, қаншама жылдар, тіпті қаншама ғасырлар бойы көз жазып қалған өткеніне ден қойып, сол өткеніне өткел қосып, ондағы жасалған іс-әрекеттер мен құндылықтарды қатал да қатыгез заманалар көміп тастаған уақыт құмының астынан аршып алу — әр ұрпақтың міндеті болып табылмақ. Бұл зерттеулерден кейін туған өлкеге деген біздің ыстық ықыласымыз, перзенттік жауапкершілігіміз жоғарылады десе де болады.

1.Казталов атауының шығу тарихы.

Казталов ауданы Батыс Қазақстан обылысының оңтүстік – батыс аумағында орналасқан. Оңтүстіктігінде – Нарын құмына шектесе Бөкей Ордасы, оңтүстік – батысында Жәнібек , батысында мен оңтүстік батысында Ресейдің Саратов обылысы Александров – Гай, солтүстігінде Тасқала, солтүстік – шығысында Ақжайық , шығысында Жаңақала аудандарымен шектесіп, жатыр. Табиғаты жазық дала болғанымен , ойдым – ойдым сорлары, жайлымы өте мол шабындық көлдері бар ежелден мал шаруашылығы жақсы дамыған Қараөзен мен Сарыөзеннің бойын жайлаған атақоныс. Шежіре мен тарихи деректерге жүгінсек Сары және Қара өзендерге дейінгі дала «Самар даласы» деп аталған. Бұл атау Самар көлдеріне байланысты пайда болса керек.[«Казталов байырғы атамекенім» 6б].

Патша үкіметінің отаршылдық саясатына байланысты Жайық казактары ежелгі мекендерді талқандап, тастарын тасып алып , Жайық өзені бойына бекіністер тұрғызып, әскери линия құрып, өзеннен әрлі – берлі өтуге тиым салынады. Жалпы , Жайық (Орал)бойына казактар XVI ғасырда келіп мекен еткен. Осы Орал казак әскерлері Сары өзен бойында әскери бекіністер (форт), тосқауылдар (форпост) сала бастап, соның біреуін «Таловая» деп аталады дейді кейбір деректерде. Бұл дегенің еш өзенге құймайтын, тұйық сайға жиналған қардың суын иініне орналасқан «Қарасуды» (Таловая вода) орыс тілінде айтылуы екен деген пікірлер бар. 1830 жылдағы архив құжаттарын зерттеген өлке тарихшылары И.Кенжалиев пен Н.Табылдивтердің еңбегінде «форпост Таловая» деп жазылғанын келтіреді. 1866 жылы патша үкіметі Өзен әскери линиясының керегі болмағасын , оны таратып қазақтардың мекендеуіне берілген.Сол кезде форпост Таловая «Таловка» деп аталып кеткенін айтады. Ал Казталовка деп айтылуы себебі:Қара өзен жағалауында Орал казактары қоныс тепкен тағы бір Таловка болған. Оларды ажырату үшін Қарасудағы Таловканы «Киргизкая Таловка» , ал Қара өзендегіні «Казачья» немесе «Русская Таловка» деп атаған екен. [«Казталов байырғы атамекенім»10б] . Осы атау 1925 жылдарға дейін сақталып келіп,1928 жылдары қысқаша ғана Казталовка деп атала бастаған.

Енді ел ішіндегі кейбір деректерге келсек Қарасау бойын қаптай өскен тал мен көкорай шалғынына жолаушылар жиі тоқтап, демалатын жайлы орын болуына байланысты «Талөкпе» деген сөзден шыққан делінеді. Әрине, ақиқаты мен аңызын саралай отырып, жоғарыда келтірілген барлық дәйекке келісуге болатын сияқты. Бірақ, тарихи мұрағат материалдарында «Таловский» деген форпост атауын Бөкей ордасы құрылғанға дейін кездестіреміз. 1825 – 1830 жылдары Қосөзен аралығында орыс казактары тұрған. Талов бекінісінің атауын орыс казактары қойған болуы керек . Отарлық саясаттың Кіші жүз жеріне кіре бастауы қазақ шекарасына салынған Жайық казактарының бекіністерінің атауы орыс топономикасы арқылы орыс атаулары қойылған. Сондықтан Талов атауы қар мен жаңбыр суымен толып отыратын Қарасу бойында ауыл орналасқан. Қарасуды – Талов алқабы деп айтуға да болады.

Уақытша Кеңес есебі бойынша 1861 жылы Таловта қисымында 1591 түйе, 15792 жылқы , 9 450 сиыр, 66240 бас қой мен ешкі болған. Талов қисымы қазақтарының шаруашылығы жартылай көшпелі мал шаруашылығы болған. Жазғы жайылымдары 5 -10 шақырыммен шектеледі. Себебі, Қосөзен (Сары және Қара) аралығы малға жайлы, суы мол, көлдері құсқа толы байырғы мекен. Күні бүгінге дейін малды ауыл болып келеді.

2. Қошанкөл – байырғы ата – мекенім.

Елді-мекен атауларының шығу тарихы-ауылымыздың байлығы. Аулымызға қарасты елді-мекен атауларының шығу тарихын зерделеуде ғылыми жетекшіміз екеуміз көптеген істер жүргіздік. Ауыл ақсақалдарынан, көзі қарақты үлкендерден көрген, естіген–білгендерін қағазға түсіріп, ел арасындағы әр түрлі әңгімелерді жинақтадық.

Туған жерім -Қошанкол ауылы Казталов аудан орталығынан солтүстік – батысқа қарай 48 км. жерде Сарыөзеннің сол жағалық бетеге, боз, көкпек өскен сортаңды, бозғылт қоңыр топырақты дала белдемде орналасқан. 1950 – 60 жылдары Қазақстан ұжымшары болып аталса , кейіннен кеңес үкіметінің қаулысымен ұжымшарларды ірілендіру үдерісі жүргізіліп, нәтижесінде 1963 жылдары Микоян, Қазақстанның 30 жылдығы, Жданов ұжымшарлары бірігіп – Қошанкөл кеңшары құрылған екен.

Бірақ, Қошанкөл атауы ол байырғы тарихи атауы болады.Қошанкөл ауылы көлдікте орналасқан. Кезінде осы жерден Қошан атты барымталықпен аты шығып, кедейлерге байлардың малдарын айдап әкеліп, халық арасына танылған кісі болған. Әкелген малдарын үнемі көлде жасырған. Көлдің атына сол адамның атын берген.

Туған жер тұңған шежіре екен. Қошанкөл, Ордабай, Медетсай Әкеш деген жер атаулары кісі есімдеріне байланысты айтылса, Кіндіксай, Көктерек, Жалғыз терек деген атаулардың әрқайсысының шығу тарихы бір дүние.

Қошанкөл ауылдық округіне қарасты Ордабай ауылы бар. Ол осы Қошанкөл ауылынан оңтүстік – шығысқа қарай 12 км жерде, Сарыөзен өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ордабай атауының тарихына толталар болсақ (он тоғызыншы ғасырдың ортасында өмір сүрген) Байбақты құлсүйіндік руынан тараған осы өлкенің көзі қарақты, көкірегі ояу, сал-серілігімен танылған, дәулетті адам болған. Ол өзінің рулас, бауырлас ағайын-тумаларын осы шөбі шүйгін, малға жайлы жерге қоныстандырған. Сол жер әділдігімен, өнерімен, тазалығымен, парасаттылығымен танылған ру басының атымен аталған. Өкініштісі, ел арасында айтылған сөздері сақталмай қалған.

Қошанкөл ауылы Сарыөзен бойындағы өзен жотасында терек жайқалып өсіп тұр. Оның атауы туралы ел ішінде әр түрлі аңыздар айтылады. Ауылымыздан шыққан Сұпышев Жанболат сынды ақынымыз Жалғыз терек атауын жыр шумақтарына қосты.

Жалғыз терек сай суынан нәр алып,

Жалғыз тұрсың бұталарың таралып.

Әкеш деген жалғыз үй тұр әрірек,

Көктеректе барар жолда бұралып,.

Жалғыз терек көп теректен бөлек тұр,

Жалғыз кемпір неге елден бөлек жүр.

Бала кезден ойлайтынмын мен оны,

Мұнда қандай бар екен деп себеп бар.

Әкеш кемпір деп айтатын балалар,

Туған-туыс жоқ па екен сағалар.

Жалғыз терек, жалғыз кемпір әйтеуір,

Мені ойға жетелейтін бағалар.

Жалғыз терек жолда болар бір пана,

Жалғыз неге қалған екен бұл ана.

Менің бала көңіліме жұмбақтың,

Жалғыздықты қалай екшеп жүр сана.

Жолдасынан соғыс зұлмат айырып,

Жалғыз ұлын ана алмапты қайырып,

Жалғыздықтың куәсі боп әлі тұр,

Жалғыз терек бұтағын жел қайырып.

Өзен бойында жалғыз үй бар. Ол үйде жалғыз кемпір тұратын еді. Жалғыз кемпір тұратын үйдің жанында жалғыздықпен ыңырсып, жапырақтары сыңсып тұратын Жалғыз терек өскен. Кемпірді бәрі Әкеш кемпір дейтін. Жалғыздықтың шылбыры оратылған кемпірдің жан жолдасы соғыстан оралмаған. Сарғайып күткен баласы сол сұм соғыста қаза тапқан екен. Елден жырақта жүретін жалғыз кемпірмен сырласуға арналғандай көп теректен оқшау тұрған жалғыз теректе жалғыздықтың куәсіндей әлі күнге дейін жайқалып тұр. Ал ауыл сыртында қазірде Әкеш деп аталатын жер атауы бар, бұрындары қойшылардың жазғы орыны сол жерде болған екен.

3.Сай – салалар атауының тарихы

Қошанкөл ауылының қасындағы Көктерек тоғайы ауылдан 5-6 шақырым жерде, Сарыөзеннің бойында орналасқан. Ауыл жақтан көзге мұнартып, көгілдір боп көрінетін тоғайға «Көктерек» деген ат берілген. Көктеректің ауасында дем алудың өзі бір дүние.

Сол Көктерек тоғайында Кіндіксаймен астасатын Медетсай сайлары ауылымыздан шыққан ақын,дәрігер Оралбай Сатудың туған жерге арналған мына бір жырларында бейнеленген:

Кіндіксай мен Медетсай

Балалықтың бал кезеңі өткен жер,

«Өз ұрпағым» деп маңдайдан өпкен ел.

Кіндіксайым, Көктерегім аңсаушы ем,

Асыр салған достарыммен көк белдер.

Балық аулап сай-салаңда күн шықпай,

Өсіп едік жас шыбықтай, Кіндіксай.

Әр қалаға арман қуып кетсек те,

Жүруші едік, басқа елде су жоқтай.

Әке-шешем мал суырып, тас соғып,

Ағам, апам қыр гүліндей жас болып,

Өскен елім, көктем едің, гүл едің,

Қалың қалай, Көктерегім, айт толық?

Кімге барып шағынамын өкпелеп,

Айта берсең, сылтау да көп, көп себеп.

Тағдырымыз ұқсас біздің сияқты,

Менде оқушы, сенде су жоқ Көктерек.

Бірақ, бірақ күдер үзіп кетпесек…

Медетсай Медет деген кісінің атымен аталған. Оның қандай еңбегі болған?

1928 жылы Қошанкөл МТС болып құрылған кезде ауыл арасында алға даму жұмыстары жүргізілді. Міне, сол кезде ауыл адамдарының ішінен Медет деген зиялы, көкірегі ояу адам Қошанкөлдегі халықты жинап, барлығы бірігіп, Қараөзенге құятын арнасы кең Бақасайдың жырылмауы үшін (жырылса, су түгелімен Қараөзенге ағып кетеді де, Қошанкөлге су шықпай қалады) теректер еккен. Күтіп, бапталған теректер бірнеше жылдан кейін жайқалған, бақасы бақылдаған, балығы шолпылдаған, құстары қиқулаған табиғаты әсем жерге айналды. Бір жағынан суды бөгеуге, бір жағынан табиғат әсемдігіне астасқан Көктеректегі көгалдандыру, абаттандыру жұмысының басында тұрған Медет деген жаны жайсаң атамыздың атын көнекөз қариялар қимастықпен еске алады.

  1. Дініш құдығы және Дініштевтер әулетінің тарихы

Ауылдан 7 шақырымдай жерде Дініш деген жер бар. «Дініш жері», «Дініш құдығы» деген атауларды аталарымнан естіп жүруші едім. Осы атаудың тарихына үңіліп , неге олай аталғанын зерттеп көрген болатынмын.

Зерттей келе , Қошанкол ауылы талай елге белгілі зиялы адамдар, атақты адамдар шыққан жер екенінен тағы да көзім жетті деседе болады. Ауыл сыртында үлкен қорым бар. Сол қорымда әулие Оспан ата күмбезделген ескерткіші бар. Ауылдың үлкендер айтқан аңызы бойынша Оспан ата өте ауқатты, өз ауылының ақылшысы, әулиесі болған. Ол өмірінің соңында балаларын шақырып, алып: «Мен дүниеден өткенде қай жерге жылқы көп жайылса сол жерге мені жерлеңдер. Мен өлгеннен кейін, менің кіндігімнен терек өседі. Сол терек адамдарға дәру болады» деген екен. Балалары әулиенің өзі айтқандай жылқы көп жайылған жерге жерлеген екен. Бұл – Сарыөзеннің бойы еді.Ауыл адамдары әлі күнге дейін ақтық байлап, зиратқа түнеп жатады. Ауруларына ем іздеген жандар келіп жүреді.

Деректерге сүйенсек Оспан ата әулеті тәрбиелі де, текті әулет болған екен. Оның үш баласы болған. Үлкен баласы – Жұмабек, одан – Дастанбай, Дастанбайдан – Шомбал, Кіші баласы – Дініш , Дініштен – Бөкенбай, одан Мұса , Мұсадан – Темір Дінішев және Қазақстан Халық әртісі, әйгілі жезтаңдай әнші Әлібек Дінішев екен.

Зиялы, текті әулеттен шыққан осы бір жандардың тарихы елге үлгі боларлық істерімен танымалы болған. Әлібек Дінішевтің немере атасы (әкесі Мұсаның немере ағасы) Әсет Дінішев ауылымызда сонау 1913 жылы Орынбор діни семинариясын бітіріп келіп, өз қаражатымен ауыл балаларына мектеп ашқан, кейінгі жылдары Орынборда оқып жүріп, жазғы демалысқа келген Ғали Бегалиевті шақырып, (ғалым, педагог, Қазақстанның инженері әйелі Мадина Бегалиеваның жолдасы, құжаттары орталық мұражайда) Тоқмағанбетов, Файзолла Ғалымжанов, Біләл Сүлеевтер көмектесіп, сабақтар бергенін естіп, кейін Орынбор архивінен Әсет Дінішевке байланысты құжаттар, сол сияқты туысқандарында сақталған деректер, фотолар алынып, біршама қор жинақталып, фактілердің сыры ашылды. Менің мектебім Гали Бегалиев атында.

Ал, Хабиболла Дінішев – тектінің тұяғы екенін таныта білген тұлға. Азаматтығы, адамгершілігі биік Хабиболла Әбілұлы замандастарының, көз көргендердің есінде тек жақсы жағымен жатталып қалған. Арабша, немісше, ағылшынша және орысша жетік білген Хабиболла сол кездегі мәдениетті, білімді адамдардың көш басында тұрған. Сурет салумен, классикалық күрес түрімен айналысып, әдебиетпен әуестеніп, шахмат ойнауды ермек еткен оның қабілеті шексіз болған.

Әлібек Дінішевтің әкесі Мұса Дінішев елге палуандығымен , ақындығымен танымалы болған Бөкенбай ақсақалдың сүткенжесі екен. 1919 жылы жеті жасқа жетер – жетпестен әке – шешеден бірден айырылған Мұса немере ағасы Әсеттің тәрбиесінде болған. Ұзақ жылдар бойы «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы қызметін атқарған, қазақ халқына еңбегң сіңген қайраткер азамат. Ол кейін туып – өскен , кіндік қаны тамған жері – Қошанкөл топырағы екенін, ата – баба сүйегі сол топырақта екенін өз балаларына жас кезінен құлақтарына құя берген. Өзі туған жерге бара алмаса да, ұлдарының баруын, сол жерден бір уыс топырақ алып келуін өтінген екен. Әкенің бұл өсиетін орындау тек 1999 жылы мүмкін болып, сол жылы Мұса Дінішевтің екі ұлы Әлібек пен Темір Қошанкөл ауылына ат басын тіреп, «Дініш» жерінен бір уыс топырақ алып елдеріне қайтты. Мұса Дінішев Сталинград майданына қатысқан соғыс ардагері, соғыстан кейінде қолынан қаламы түспей «Сталинградты қорғаған қазақ» атты кітабын жазған.

Шомбал Дастанбаев (Дініштің үлкен ағасының ұрпағы) – Москвадағы Свердлов атындағы университетті бітірген. Бұл кісі туралы Затаевичтің еңбектерінде жазылған. Жамбыл қаласында «Қазақ радиосының» бас директоры болған.

Міне,бір жер атауынын тарихын тарқатқанда берері көп , мәнді әңгіме туғызатын тұтас бір әулет тарихы туралы сырды өрбіттік. Туған жер топырағынан нәр алған тағылым биік, танымал тұлғалардың тарихы елге үлгі.


Қорытынды:

Ұлан – байтақ қазақ даласында туған өлкеміздің өз орны, өз тарихы бар рухани құндылық. Казталовтың қасиетті топырағы, Қошанкөл ауылымның қастерлі мекен екенін сол жердегі әрбір азамат өткенін сыйлап бүгінгісін сыйлап өткені абзал. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» «Туған жер» бағдарламасында: — Туған жерге деген сүйіспеншілік кішкентай өлкеден, қаладан, алғаш қадам басып, ата – анаың ыстық ықыласына бөленген отбасынан, алғаш қалам алған мектебіңнен бастау алатынын атап көрсетті. Әр адамға кіндік қаны тамған жері ерекше ыстық болатыны заңды. Елбасы айтқандай туған жерсан ғасырдан бері көптеген жырларға, әндерге, дастандарға арқау болған мәңгі тақырып. Сондықтанда зерттеу тақырыбымды «Туған жердің жер – су атаулары тарихына» арнап, осы арқылы елдің атаулы азаматтарының тарихында байланыстыра өрбіткен едім.

Сөйтіп, 1801жылы Кіші жүз қазақтары Бөкей сұлтанның бастауымен көшіп, Қозөзеннің (Сары және Қара) төмеңгі жағына орналасады. Тарихта Бөкей Ордасы құрылып, құрамында 6 қисым (орысша «участок», «часть» деген оның басқарушысын «правитель, управляющий» деп атаған) соның бірі Талов қисымы болған. 1826 жылы Талов қисымы құрылып, қазіргі Казталов ауданы болды, қазақ жері қалпына келтірілді.

Талов қисымы Жәңгір хан тұсында мал саны өсіп, қазақтар егін егіп, шаруашылықтары кеңейді. Сары өзен тұрғындары да рухани – мәдени және білім салалары дами бастады. Казталов уезінде С.Бабажанов, Ғ.Қараш, Басымов, Әсет Дінішев, Ғали Бегалиев сияқты тарихи тұлғалар қазақ халқының рухани өсуіне, білім – ағарту, өнер салаларының дамуына зор үлес қосты. Казталов тумасы — Мансур Гатаулин, 1932 жылы шілде де Голощекинге «Бесеудің хатын» жазған авторлардың біреуі еді.

Ал , туған ауылым Қошанкөл ауылы 1923 жылы кедей шаруалардың басын қосқан «Кедей» ұжымшары, кейін «Үлгі» ұжымшары, сонан соң «Қошанкөл» кеңшары болып аталған еді. Ауылымыздан да жұмысымда көрсетіп кеткендей тарихи тұлғалар көп. Әлі де ашар тарихи жаңалығы, сырлар көп. Өлке тарихын оқып, білу біз сияқты ұрпақтың басты парызы деп білемін.

Оставьте комментарий

Filed under ЖАҢА МАТЕРИАЛДАР

Оставьте комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.